Әлемдік рейтингте 22-орында тұрған Бублик Александр Зверевке есе жіберді
Қазақстанның үздік теннисшісі Александр Бублик Қытайдың Шанхай қаласында өтіп жатқан ATP Masters 1000 турнирінің төртінші айналымында германиялық Александр Зверевтен жеңіліп, жарысты аяқтады. Матчтан кейін қазақстандық спортшы теннистен кететінін айтып, эмоциясына ерік берді.
Әлемдік рейтингте 22-орында тұрған Бублик алғашқы сетте жеңіске жетуге жақын болды. Тай-брейкте ол 6:3 есебімен алға шығып, қатарынан үш сетболға ие болған. Алайда қазақстандық теннисші келесі бес ұпайдың бәрінен айырылып, партияны 6:7 (6:8) есебімен ұтылып қалды.
Осы сәтте Бублик кортта «Қалай?», «Неге?» деп дауыстап, командасына да көңіл күйін білдірді.
«Мен корттан кеткім келеді, енді шыдай алмаймын. Болды, менің көңіл-күйім алай-дүлей», – деді ол. Төреші теннисшіні сабырға шақыруға тырысқанымен, Бублик оған: «Менен не қалайсыз?» деп жауап берді.
Соған қарамастан, қазақстандық спортшы ойынды жалғастырып, екінші сетте 6:4 есебімен жеңіске жетті. Шешуші партияда қарсыластар тағы да тай-брейкке дейін жетті. Бұл жолы Зверев 7:1 есебімен басым түсті.
Осылайша, кездесу 7:6 (8:6), 4:6, 7:6 (7:1) есебімен аяқталды. Теннисшілер кортта 2 сағат 40 минут өткізді. Бублик 20 эйс орындағанымен, сегіз рет қос қате жіберді. Зверевтің еншісінде 14 эйс болды.
Матчтан кейін теннисшілердің өзара әңгімесі де назар аудартты. «Больше» теннис порталының Instagram парақшасында жарияланған видеода Зверев Бубликке алдағы ойындарына сәттілік тілейді. Бұған жауап ретінде қазақстандық спортшы теннистен кететінін айтады.
«Иә, мен кетемін. Енді ойнамаймын. Егер осылай жеңе алмасам, онда не үшін ойнауым керек? Қажеті жоқ», – деді Бублик.
Зверев Шанхайдағы турнирдің ширек финалына жолдама алды. Ал Бублик жекелей сындағы жарыс жолын аяқтады.