
Жарыстың жүлде қоры 9 миллион долларды құрайды
Ресейлік 17 жастағы теннисші Мирра Андреева (#11) WTA 1000 санатындағы дәстүрлі Индиан Уэллс (АҚШ) турнирінің жаңа чемпионы атанды. Финалда ол әлемнің бірінші ракеткасы – беларусь Арина Соболенконы жеңді.
Финалдық бәсеке үш сетке созылды. Алғашқы кезеңде Соболенко қарсыласына еш мүмкіндік бермей, 6:2 есебімен жеңіске жетсе, қалған екі сетте Андреева 6:4, 6:3 есебімен басым болды.
Айта кету керек, осы турнир барысында Мирра Андреева Қазақстанның бірінші, әлемнің жетінші ракеткасы Елена Рыбакинаны ойсырата жеңген болатын. Ал, жартылай финалда әлемнің екінші ракеткасы – польшалық Ига Швентекті қапы қалдырды.
Енді WTA-ның жаңартылған рейтингінде Андреева 11-ден 6-шы орынға дейін бір-ақ көтеріледі. Ал, жетінші сатыда болған Рыбакина тиісінше сегізінші сатыға сырғуы тиіс.
Индиан-Уэллс турнирінің жүлде қоры 9 миллион долларға жуық. Жеңімпазға сондай-ақ, рейтингтік 1000 ұпай беріледі.