Рафаэль Надаль теннистен ресми кетіп, жанкүйерлермен қоштасты

26.05.2025, 01:36

Спортпен қоштасу рәсіміне Надальдың басты қарсыластары болған теннисшілер де келді

Рафаэль Надаль теннистен ресми кетіп, жанкүйерлермен қоштасты
Getty Images

Париждегі Ролан Гаррос стадионында теннис аңызы Рафаэль Надальдың ресми түрде жанкүйерлермен қоштасу рәсімі өтті. Өткен жылдың қарашасында ол соңғы турнирінде өнер көрсетіп, үлкен спорттан кеткенін мәлімдеген болатын.

Надаль «Ролан Гаррос» турнирінде 14 мәрте жеңіске жетіп, бұл жарыстың тарихындағы ең табысты ойыншы ретінде танылды. Стадионға шыққан сәтте жанкүйерлер оған ұзақ уақыт қол шапалақтап, «Рафа» деп ұрандатты.

Надаль француз, ағылшын және испан тілдерінде сөйлеп, жанкүйерлеріне алғысын жеткізді.

«Бұл алаңда 20 жыл бойы ойнадым. Жеңістер мен жеңілістер болды, бірақ әрқашан ерекше сезімдерге бөлендім», – деп пікір білдірді ол.

Қоштасу шарасы барысында Надальдың отбасымен бірге әйгілі қарсыластары – Роджер Федерер, Новак Джокович және Энди Маррей де кортқа шығып, оған құрмет көрсетті.

Стадион көрермендері «MERCI RAFA» деген жазуы бар арнайы футболкалар кисе, корттың жанында Надальдың іздері мен есімі жазылған ескерткіш тақта ашылды.

Рафаэль Надаль Ролан Гаррос турнирінде жеке кездесулерде 112 жеңіске жетсе, 4 жеңіліп ерекше рекорд орнатқан. Оның еншісінде 22 «Үлкен дулыға» кубогі бар.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 3
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам