
Келесі кезеңде ол 17 жастағы америкалық теннисшімен кездеседі
Қазақстанның үздік теннисшісі Елена Рыбакина (WTA рейтингінде 11-орын) Франция ашық чемпионатында (Ролан Гаррос) алғашқы кездесуін сәтті өткізді. Бірінші айналымда ол аргентиналық Хулия Риерамен (WTA 202-орын) кортқа шықты.
Айқын фаворит саналғанына қарамастан, Рыбакинаға жеңіске жету оңай болған жоқ. Үш сетке созылған тартысты матчта ол 6:1, 4:6, 6:4 есебімен басым түсті. Кездесу 1 сағат 47 минутқа созылды.
Осылайша, Елена Рыбакина турнирдің екінші айналымына жолдама алды. Келесі кезеңде ол 17 жастағы америкалық теннисші Ива Йовичпен (WTA 129-орын) кездеседі.
Еске салайық, өткен аптада Рыбакина 2025 жылғы алғашқы титулын жеңіп алды. Страсбургте өткен WTA 500 санатындағы турнирдің финалында ол ресейлік Людмила Самсонованы (18-орын) 6:1, 6:7 (2:7), 6:1 есебімен жеңіп, чемпион атанған болатын.