
Оның келесі қарсыласы чех теннисшісі болуы мүмкін
Теннистен Франция ашық біріншілігінде (Ролан Гаррос) қазақстандық Александр Бублик әлемнің тоғызыншы ракеткасы аустралиялық Алекс Де Минаурды жеңіп, сенсация тіркеді. Отандасымыздың өзі ATP рейтингінде 62-ші сатыда тұр.
Матч алдында Де Минаур айқын фаворит саналған. Ол алғашқы екі сетте сенімді жеңіске де жетті. Алайда, қалған үш сетте Бублик басымдықты өз қолына алып, ерекше камбэк жасады, есеп – 2:6, 2:6, 6:4, 6:3, 6:2.
Матч 2 сағат 55 минутқа созылды. Бублик осы бес сетте 12 эйс жасап, тағы 12 рет дабл-фолға жол берді. Оның қарсыласы болса 4 эйс, 8 дабл-фол жасады.
Енді келесі айналымда Бублик Энрике Роша (Португалия) – Якуб Меншик Чехия) жұбының жеңімпазымен кездеседі.