
Ресей тарихында тұңғыш рет бұл мәртебеге қол жеткізген спортшы
АҚШ-та өткен салтанатты рәсімде ресейлік теннисші Мария Шарапова Халықаралық теннис даңқ залына енгізілді. Марапаттау рәсімінде ол көз жасына ерік беріп, осы жылдар аралығында қолдау көрсеткен жандарға алғыс айтты.
Шарапова – теннис тарихындағы ең атақты спортшылардың бірі, жекелей сындарда «Үлкен дулыға» турнирлерін бағындырған санаулы спортшының қатарында. Кәсіпқой турда жиырма жылға жуық өнер көрсеткен ол бес мәрте әлемнің бірінші ракеткасы атанып, 2005 жылы Ресей тарихында тұңғыш рет бұл мәртебеге қол жеткізген спортшы ретінде есімін алтын әріппен жазды.
Оның есебінде бес беделді «Үлкен дулыға» жүлдесі бар. Алғашқысы – 2004 жылғы әйгілі Уимблдон жеңісі. Кейіннен 2006 жылы АҚШ ашық біріншілігінде, 2008 жылы Аустралия ашық чемпионатында, сондай-ақ 2012 және 2014 жылдары «Ролан Гаррос» турнирінде топ жарды.
Тек корттағы табыстарымен ғана емес, ұлттық құрама сапындағы жетістіктерімен де есте қалды. 2008 жылы Ресей атынан Федерация кубогына қатысып, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында жекелей сыннан күміс медаль жеңіп алды.