
Алты матчтық жеңілістер сериясын тоқтатты.
Қазақстанның екінші, әлемнің 55-ракеткасы Юлия Путинцева АҚШ ашық чемпионатының екінші айналымына жолдама алды.
Қазақстандық спортшы алғашқы кездесуін әлемдік рейтингте 85-орында тұрған италиялық Элизабетта Кочареттомен өткізді. Бірінші сетте қарсыласы 4:1 есебімен алға шыққанымен, Путинцева қатарынан бес гейм алып, партияны 6:4 есебімен өз пайдасына жазды.
Екінші сет тағдырын тай-брейк шешті. Юлия оны 7:6 (7:4) есебімен аяқтап, матчты түйіндеді.
Осылайша, отандасымыз бұған дейін созылған алты матчтық жеңілістер сериясын тоқтатты. Ойын 1 сағат 56 минутқа созылды. Путинцева 10 брейк-пойнттың тең жартысын тиімді пайдаланды. Ал Кочаретто 3 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың төртеуін жүзеге асырды.
Енді Юлия Путинцева үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 29-ракеткасы, ресейлік Анна Калинскаямен, немесе рейтингте 178-сатыдағы америкалық Клерви Нгунуэмен ойнайды.