
Енді Италияның Жасмин Паолиниімен (8-орын) кездеседі
Қазақстанның үздік теннисшісі Елена Рыбакина (WTA рейтингісінде 9-орын) Қытайдың Нинбо қаласында өтіп жатқан WTA 500 санатындағы турнирдің ширек финалында тамаша ойын көрсетті.
Бұл кезеңде Рыбакина австралиялық Айла Томляновичпен (WTA – 104-орын) кездесіп, қарсыласын айқын басымдықпен ұтты — 6:2, 6:0. Матч небәрі 58 минутқа созылды. Екінші сетте қазақстандық спортшы қарсыласына бірде-бір гейм бермей, толық үстемдік танытты.
Осылайша, Елена турнирдің жартылай финалына жолдама алып, енді Италияның Жасмин Паолиниімен (8-орын) кездеседі.
Айта кетсек, Рыбакина жарысты украиналық Даяна Ястремскаяға (30-орын) қарсы қиын матчтан бастаған еді. Ол кездесу үш сетке созылып, Елена жеңісті 6:4, 6:7, 6:3 есебімен қанжығасына байлады.
Турнирдің жалпы жүлде қоры 1 064 510 АҚШ долларын құрайды. Ал жеке әйелдер арасындағы біріншіліктің жеңімпазы 164 мың доллар және 500 рейтингтік ұпай иеленеді.