Қыздар мен ерлер боксы теңеседі. Еркекшора бокшылар. Ұлттық құрамадағы интирига

Көкпар мен көк бөрү ойындарын Көшпенділер ойынынан алып тастау ұсынылды

13.09.2024, 13:49

Екі ойынды біріктіріп, бір спорт түрін жасап шығару керек дейді қырғыз маманы

Көкпар мен көк бөрү ойындарын Көшпенділер ойынынан алып тастау ұсынылды
Фото: Артём Чурсинов

Қырғызстанның бұрынғы Туризм вице-министрі Мақсат Чаки Дүниежүзілік көшпенділер ойынының бағдарламасынан қазақтың көкпары мен қырғыздың көк бөрүсін алып тастауды ұсынды. Бұған Астанада өтіп жатқан ойындардың көкпар финалы себеп болса керек…

Еске салайық, V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының көкпардан болған финалында Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары кездесті. Ойын барысында қазақ шабандозы қарсылас команда ойыншысының басынан қамшымен ұрған. Одан бөлек, қырғыз делегациясы төреліктің аса әділетсіз әрі сорақы болғанын айтып мәлімдеме жасады. Матч болса 5:4 есебімен Қазақстан командасының жеңісімен аяқталған болатын.

«Көк-бөрү мен көкпарды Дүниежүзілік көшпенділер ойынының бағдарламасынан алып тастауды ұсынамын. Қос елдің федерациясы да халықаралық деңгейде матч өткізе алмайтынын көрсетті», - деп жазды Мақсат Чаки өзінің Facebook-парақшасында.

Түркі әлемін зерттеп, туризм саласында еңбек ететін азамат қос ойынды біріктіріп, бір спорт түрін жасап шығару керек деген пікірде. Оған «ULAK» деген атау беруді де ұсынып отыр.

«Халықаралық деңгейде Ulak ойнаса, екі ел өз ішінде көкпары мен көк бөрүсін ойнап жүре береді. Сонда ұлттар арасында осындай дау тумайды. Әрі біз түпкі дәстүрді жаңыртамыз. Екі ойынның да түбі бір, уақыт өте келе әр ұлт өзіне ыңғайлап ережелерін өзгерткен», - деп жазды экс-шенеунік.

Айта кетейік, V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында қырғыздың көк бөрү ойынынан да сайыс өтті. Финалда қырғыздар Қазақстан командасын ойсырата жеңіп, чемпион атанды.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам