Ерсін Ерік «Реалды» қор қылды. Тауық сойса да қасап сойсын. Саусақ пен тіл үйлескенде…

«Өзбек бапкері қулық жасады» – Аққалықовпен қарсыласының жекпе-жекке шықпау себебі белгілі болды

13.12.2025, 11:11

Бапкерлер тәуекелге бармауды жөн көрген

«Өзбек бапкері қулық жасады» – Аққалықовпен қарсыласының жекпе-жекке шықпау себебі белгілі болды
Өзбекстан бокс федерациясы

Дубайда бокстан әлем чемпионатының жартылай финалдық жекпе-жектері аяқталды. Жарыстың осы сатысына шыққан алты қазақстандық боксшының төртеуі финалға жолдама алды. Алайда Сабыржан Аққалықов финалға жекпе-жексіз өтті. Оның қарсыласы –World Boxing ұйымы бойынша 2025 жылғы әлем чемпионы, өзбекстандық Фазлиддин Эркинбоев рингке шыққан жоқ. Ресми себеп – қолының жарақаты.

Осы жағдайға байланысты Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділов Sportarena.kz порталына арнайы пікір білдірді:

«Менің ойымша, бұл – бапкерлік қулық. Сабыржан осы әлем чемпионатында өзін өте жақсы қырынан көрсетті және бұл жекпе-жекте жеңіске жетуге толық мүмкіндігі болды. Қазір өзбек бапкерлері 2000 жылдардың басындағы кубалық мамандар сияқты әрекет етіп жүр. Ол кезде кубалықтар Олимпиададан басқа турнирлерде, егер жеңіліп қалу қаупі болса, өз спортшыларын жарыстан алып тастайтын. Тіпті олар командаларын Астанада өткен Әлем кубогына да жібермеді», – деді Тұрсынғали Еділов.

Сарапшы мұндай жағдайдың 2025 жылы да болғанын еске салды. Ақпан айында өткен «Странджа кубогында» қазақстандық жас жұлдыз Төрехан Сабырхан мен өзбекстандық Олимпиада чемпионы Асадхуджа Муйдинхуджевтің кездесуі жоспарланған еді. Алайда жекпе-жек өтпей қалды. Ресми емес нұсқа бойынша, боксшы толық бабына келе алмаған, сондықтан бапкерлер тәуекелге бармауды жөн көрген.

«Жарақат факторын да жоққа шығаруға болмайды. Бұл – бокс. Мұнда қол жарақаттары жиі кездеседі. Мен Эркинбоевке және рингке шығатын барлық батыл спортшыларға денсаулық тілеймін. 75 келіге дейінгі салмақта өзгелерден деңгейі жоғары екі боксшы бар екені анық. Олар – Сабыржан мен Фазлиддин», – деп қосты Еділов.

Әлем чемпионатының финалында Сабыржан Аққалықов алтын медаль үшін Ресей боксшысы Исмаил Муцольговпен жұдырықтасады. Жекпе-жек сенбі, 13 желтоқсанда өтеді.

 

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 3
Ұнамайды 0
Күлкілі 1
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам