Ол World Boxing президенті ретіндегі мақсатын айқындады
World Boxing ұйымының президенті Геннадий Головкин 2026 жылға арналған басты мақсаттарын атады.
Головкин World Boxing ұйымының президенті болып 2025 жылдың соңында сайланған. Оған дейін ол аталған ұйымның Олимпиадалық комиссиясын басқарған.
Оның айтуынша, World Boxing үшін спортшылар – басты құндылық әрі негізгі басымдық. Ұйым алдағы уақытта спортшылардың басқару жүйесіндегі рөлін күшейтіп, іріктеу мен біліктілік алу жолдарының ашық әрі әділ болуын қамтамасыз етпек. Сонымен қатар олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға ерекше мән беріледі. Спортшылардың физикалық және психологиялық саулығы, сондай-ақ консультативтік және өкілдік құрылымдарға толыққанды қатысуы да назардан тыс қалмайды.
«Мен сөзден гөрі іске жақын адаммын. Алдағы жылы ұйым мүшелерінің барлығымен тұрақты байланыста болып, тығыз әрі нәтижелі жұмыс істеуді мақсат етемін. Бірлесе отырып, World Boxing-тің орнықты әрі табысты болашағына берік негіз қалаймыз деп сенемін. Баршамызға бірлігі мығым, нәтижелі 2026 жыл тілеймін. Бұл — қарқынды еңбек, нақты ілгерілеу мен ортақ жетістіктер жылы болуға тиіс», – деп келтіреді Головкиннің сөзін World Boxing-тің ресми сайты.