Қазіргі таңда Тоқтардың келесі қарсыласы мен жекпе-жек өтетін нақты уақыт ресми түрде жарияланған жоқ.
Қазақстандық Поп-MMA өкілі Еркебұлан Тоқтар Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусіновтің өзіне қатысты мәлімдемесіне пікір білдірді.
Қазақстандағы ең танымал Поп-MMA жекпе-жекшілерінің бірі Еркебұлан Тоқтар 2016 жылы Бразилияда өткен Олимпиада ойындарының чемпионымен бокстың классикалық ережелері бойынша жекпе-жек өткізуге дайын екенін айтты.
Бұған дейін Данияр Елеусінов Тоқтармен болатын ықтимал жекпе-жектің спорттық емес, тек коммерциялық тұрғыда ғана қызығушылық тудыруы мүмкін екенін айтты.
«Иә, Даниярдың пікіріне келісемін. Бұл жекпе-жекте спорттық мағына жоқ, бірақ коммерциялық қызығушылық бар. Олимпиада чемпионымен бір рингте жұдырықтасу - мен үшін үлкен мәртебе», - деді Еркебұлан Тоқтар.
Оның айтуынша, Елеусіновтің көзқарасы түзу екенін білетінін айтты.
«Спорттық тұрғыдан маған да қызық емес. Ал коммерциялық жағынан жақсы ақша таба аламын. Бір-екі раунд шыдап бере аламын. Ол мені күліп жүріп ұрады. Таяқ жеймін. Бірақ ақша табамын», - дейді файтер.
Сондай-ақ бұған дейін қазақстандық файтер сәуір айында Ресейдің танымал ММА-блогері Артём Тарасовпен кездесуі мүмкін екені хабарланған еді.
Айта кетейік, Еркебұлан Тоқтардың соңғы жекпе-жегі желтоқсан айында Ташкентте өтті. Ол өзбекстандық Тимур Никулинмен бокстың ережесі бойынша кездесіп, қарсыласын бірінші раундта нокаутпен жеңді.
Қазіргі таңда Тоқтардың келесі қарсыласы мен жекпе-жек өтетін нақты уақыт ресми түрде жарияланған жоқ.