Дегенмен чемпион бокстан біржола алыстамайды
Бокстан әлем чемпионы, 85 келідегі Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, маңғыстаулық Бекзат Нұрдәулетов кәсіби спорттық мансабын аяқтағанын мәлімдеді.
Айта кетейік, Бекзат Нұрдәулетов – жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері, ересектер арасындағы әлем чемпионы, Токио Олимпиада ойындарының қатысушысы. Сондай-ақ ол Азия чемпионы атанып, отандық бокстың дамуына елеулі үлес қосты.
Дегенмен чемпион бокстан біржола алыстамайды. Ол алдағы уақытта саланың маманы ретінде жұмыс істеп, аймақ спортын дамытуға атсалысуды жоспарлап отыр. Бұл туралы қосымша ақпарат кейінірек хабарланатын болады.
Бекзат Нұрдәулетов 1998 жылғы 10 сәуірде Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласында дүниеге келген. Ол жартылай ауыр салмақта өнер көрсетті.
2019 жылы Екатеринбург қаласында өткен әлем чемпионатында алтын жүлде жеңіп алып, Қазақстан қоржынына тарихи жеңіс сыйлады. Сондай-ақ 2024 жылы Азия чемпионы атанды.
2020 жылы Токио Олимпиада ойындарына қатысып, 1/8 финалда бақ сынады. Әуесқой бокстағы табысты жолымен қатар, кәсіби рингте де өнер көрсетіп, WBO Youth нұсқасы бойынша жастар арасындағы әлем чемпионы атанды.
2019 жылы Бекзат Нұрдәулетовке «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері» атағы беріліп, сол жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды. Сондай-ақ Жаңаөзен қаласының Құрметті азаматы атанды.