Энтони Джошуа (29-4, 26 КО) соңғы рет 19 желтоқсанда шаршы алаңға шыққан
Британдық боксшы Энтони Джошуаның промоутері Эдди Хирн жаздың соңына қарай экс-әлем чемпионының шаршы алаңға оралуға дайындалып жатқанын мәлімдеді.
«Бастапқы жоспар бойынша Джошуа наурыз айында жекпе-жек өткізіп, тамызда Тайсон Фьюримен айқасуы тиіс еді. Алайда бұл жоспар жүзеге аспады. Ол келесі жекпе-жегін Тайсон Фьюриге қарсы өткізбейді. Менің ойымша, ол жаздың соңына қарай оралады. Бірақ физикалық тұрғыдан әзірге жаттығу лагеріне кіруге дайын емес», – деді Хирн.
Промоутер қазіргі уақытта жаңа жоспарлар қарастырылып жатқанын айтқанымен, Джошуаның қалпына келу процесі әлі де жалғасып жатқанын жеткізді. Бұл ретте оны шілде айында шаршы алаңға шығару мүмкіндігі де талқылануда.
«Дегенмен, бәрі оның жаттығу лагеріне қашан оралатынына байланысты. Бұл алдағы бірнеше аптада немесе бір ай көлемінде жүзеге асады деп үміттенеміз. Қазіргі жағдайдан кейін кез келген жекпе-жек тәуекелге толы болмақ. Біз Фьюримен айқасуға ашықпыз. Бірақ бұл жекпе-жек жылдың соңына қарай немесе 2027 жылдың басында өтуі мүмкін», – деді промоутер.
Энтони Джошуа (29-4, 26 КО) соңғы рет 19 желтоқсанда шаршы алаңға шығып, алты раундта Джейк Полды нокаутқа жіберген болатын. Алайда көп ұзамай ол тарихи отаны Нигерияда жол апатына ұшырап, апат салдарынан оның екі жақын досы қаза тапты.
Айта кетейік, Джошуа – Лондон Олимпиадасының чемпионы және әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Кәсіпқой бокста бірнеше нұсқа бойынша әлем чемпионы атанған. Алайда украиналық Александр Усикке қарсы айқастарда екі мәрте жеңіліп, чемпиондық атақтарынан айырылды.