Бұған дейін рингке шыққан Бибарыс Әшірбай да екінші орын иеленді
Бокстан 19 жасқа дейінгі боксшылар арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында Алина Құдайгенова күміс жүлде жеңіп алды.
Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан әлем біріншілігінде Қазақстанның төрт боксшысы финалға шыққан болатын. Солардың бірі – 57 келіде өнер көрсеткен Алина Құдайгенова. Ақтық сында ол ресейлік боксшы қыз Анастасия Голуновамен жұдырықтасып, 0:5 есебімен жеңілді.
Жарыс жолында Алина алдымен Бразилия боксшысын, одан кейін Англия мен Қытай боксшыларын тізе бүктірді.
Еске салайық, бұған дейін рингке шыққан Бибарыс Әшірбай да (70 кг) финалда сүрініп, әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған болатын.
Бүгін әлем чемпионы атағы үшін тағы екі отандасымыз бағын сынайды. Алдымен қыздар арасында Зарина Толыбай (+80 кг) рингке көтеріледі. Оның қарсыласы – ресейлік Самира Итониева. Мұнан кейін аса ауыр салмақтағы Қазақстан өкілі Владислав Саможонов өзбек Ислам Салиховпен жұдырықтасады.