Боксшының өзіне де бұған дейін демеушілер бірнеше автокөлік сыйға берген
Бокстан Париж Олимпиадасының қола жүлдегері және әлемнің екі дүркін чемпионы Назым Қызайбай жыл соңында әкесіне су жаңа көлік сыйлады. Боксшы қыз бұл туралы әлеуметтік желіде бейнежазба жариялап, автокөліктің мемлекеттік номері де VIP-санатында екенін көрсетті.
«Кішкентай кезімнен әкеме көлік алып беруді армандайтынмын. Жаңа жылдың алдындағы екінші көлігі болып отыр. Бұл жолы су жаңа көлікті алғаш рет мінді. Армандарымыз орындала берсін», - деп жазды боксшы әлеуметтік желіде.
Автокөліктің мемлекеттік номері де ерекше, «777 NKZ» деп таңбаланған.
Алматы облысының тумасы Назым Қызайбай Парижде өткен Олимпиада ойындарында әйелдер боксынан 50 келіде сынға түсті. Төртжылдықтың басты додасында белгілі боксшы қола жүлде иеленіп, өзінің мансабында ең айтулы жетістікке қол жеткізді.
Париж Олимпиадасынан кейін боксшыға Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдігі пәтер сыйлап, көлік мінгізген еді. Сонымен бірге, оған демеушілер тарапынан да құны қымбат бірнеше автокөлік тарту етілді.
Ол бұған дейін 48 келіде әлем біріншілігінде екі мәрте топ жарды. Ұзақ жылдар бойы жеңіл салмақта өнер көрсеткен отандасымыз маусым айының басында Таиландта өткен олимпиадалық іріктеу бәсекесінде 50 келіде Парижге жолдама алған еді.
Назым Қызайбай ел тарихында әйелдер боксынан Олимпиада жүлдесін иеленген үшінші спортшы атанды. Сондай-ақ, ол жақында Қарағандыда аяқталған ел чемпионатында 48 келіде үздік шықты.