
Бүгін жартылай финалдық сайыстар өз жалғасын табады
Таиланд астанасы Бангкок қаласында отандық боксшылар қатысып жатқан халықаралық турнир жалғасуда. Кеше жарыстың жартылай финалдық кезеңі өтті. Бұл сында шаршы алаңға шыққан бес боксшымыздың екеуі жеңіске жетсе, үшеуі жеңіліс тапты.
Алдымен 55 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Нұрсұлтан Алтынбек шаршы алаң иесіне 1:4 есебімен жол беріп, қола медальға ие болды. Одан кейін 65 келідегі Дулат Бекбауов пен 90 келіде өнер көрсеткен Данияр Рахымбердиев те қарсыластарына есе жіберді. Айтпақшы, Бекбауов бұл сында жаңа салмақта өнер көрсетті.
Ал қыздар арасындағы бәсекеде 60 келі салмақтағы Виктория Графеева филиппиндік қарсыласын жеңіп, финалға жолдама алды. Сондай-ақ 80 келідегі Гүлсая Ержан үндістандық боксшыдан басым түсіп, алтын медаль үшін таласуға мүмкіндік иеленді.
Бүгін жартылай финалдық сайыстар өз жалғасын табады. Бұл күні жеті отандасымыз шаршы алаңға шығады. Олардың қатарында көпшілік асыға күтіп жүрген Төрехан Сабырхан бар. Ол Қырғызстан боксшысымен кездеседі. Сонымен қатар ерлер арасында Диас Молжігітов, Бекзат Таңатар және Нұрзат Оңғар, ал әйелдер арасында Наталья Богданова, Надежда Рябец пен Елдана Тәліпова финал жолдамасы үшін күш сынасады.