
«Қазақ стилі» қарсыласын тағы да жекпе-жектен қашып жүр деп айыптады
IBF және WBO нұсқалары бойынша орта салмақта әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы WBC белбеуінің иегері, доминикандық Карлос Адаместі сынға алды.
«Қазақ стилі» қарсыласын тағы да жекпе-жектен қашып жүр деп айыптады.
«Өмірімде талай адамды көрдім, бірақ чемпиондық атаққа ие бола тұрып қорқып жүретін боксшыны алғаш рет көріп отырмын!» – деп жазды Әлімханұлы X әлеуметтік желісінде.
Айта кетейік, Карлос Адамес шаршы алаңға 23 қарашада оралатынын мәлімдеді. Ол қарсыласының «ресейлік боксшы» екенін алға тартқанымен, есімін жариялаған жоқ.
Бұған дейін Сауд Арабиясының ойын-сауық істері басқармасының төрағасы Турки әл-Әш-Шейх пен Жәнібектің менеджері Эгис Климас мәлімдеме жасап, Адаместің қазақстандық чемпионмен белбеулерді біріктіру жекпе-жегінен бас тартқанын айтқан болатын.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы соңғы жекпе-жегін 2025 жылғы 5 сәуірде Астанада өткізіп, француз боксшысы Анауэль Нгамиссенгені (14-1, 9 KO) 5-раундта нокаутпен жеңген болатын. Сонымен қатар бұл салмақ дәрежесінде кубалық Эрисланди Лара (31-3-3, 19 КО) да чемпион.
Әлімханұлы Адамеске жекпе-жек өткізу үшін келісімшарт жіберілгенін, алайда доминикандық боксшы ұсынысты қабылдамағанын айтқан.