Бұлар енді мұны жасырып та отырған жоқ
Бразилия құрамасы мен «Барселонаның» шабуылшысы Рафиньяның жұбайы Наталия Беллоли ФИФА нұсқасы бойынша жасақталған 2025 жылдың символикалық құрамына күйеуінің енбей қалуына қатысты наразылық білдірді.
Беллоли бұл жөнінде әлеуметтік желідегі парақшасында жазба қалдырды.
«Ол не, баскетбол ойнай ма? Бұлар енді мұны жасырып та отырған жоқ!» – деп жазды Рафиньяның жары.
Айта кетейік, былтырғы маусымда Рафинья «Барселона» сапында барлық турнирде 57 матч өткізіп, 34 гол соғып, 26 нәтижелі пас берген. Ол Чемпиондар лигасының үздік сұрмергені (13 гол) әрі ең көп ассист жасаған ойыншысы (8 нәтижелі пас) атанды.
Сондай-ақ бразилиялық футболшы каталониялық клубпен бірге Испания чемпионатын, ел Кубогын және Суперкубокты жеңіп алды. Соған қарамастан, ФИФА жасақтаған жылдың үздік құрамынан тыс қалуы жанкүйерлер мен футболшының жақындары арасында қызу талқы тудырып отыр.