«Астана» 48 ұпай жинап, турнир кестесіндегі үшінші орнын сақтап қалды
Алматылық «Қайрат» Қазақстан Премьер-лигасының 27-туры аясында елордалық «Астанаға» 0:1 есебімен есе жіберді.
«Астана Аренада» өткен кездесуде қонақтар ойынның 11-минутында аз құраммен қалды. «Қайраттың» жартылай қорғаушысы Әділет Сәдібеков тікелей қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.
Елордалық клуб сан басымдығын араға үш минут салып пайдаланды. Карло Бартолецтің пасынан кейін Рамазан Кәрімов есеп ашты.
Үзілістен кейін алматылықтар таразы басын теңестіруге тырысқанымен, «Астана» жеңісті уысынан шығармады. Осылайша матч 1:0 есебімен аяқталды.
Бұл «Қайраттың» чемпионаттағы қатарынан екінші жеңілісі болды. Алматылық команда 26 матчтан кейін 57 ұпаймен екінші орында қалды. Көш басындағы «Ордабасы» мен «Қайрат» арасындағы айырма ұлғая түсті.
«Астана» 48 ұпай жинап, турнир кестесіндегі үшінші орнын сақтап қалды.