«Галатасарай» Нұралы Әліптің өнерін бақылап жүр
Түркияның «Галатасарай» клубы Қазақстан құрамасы мен Санкт-Петербургтің «Зенит» командасының қорғаушысы Нұралы Әліптің кандидатурасын қарастырып жатыр. Бұл туралы журналист Бурак Эрен X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
Журналистің мәліметінше, 26 жастағы қазақстандық футболшы Ыстанбұл клубының басшылығына ұсынылған. Осыдан кейін «Галатасарай» оның ойынын бақылауға алған.
Нұралы Әліп 2022 жылдың ақпанында алматылық «Қайраттан» жалға алу шартымен «Зенитке» ауысқан. Кейін ресейлік клуб футболшының келісімшартын толық сатып алып, 2024 жылдың тамызында келісімді 2028 жылдың жазына дейін ұзартты.
Осы маусымда қорғаушы барлық турнирде 12 матч өткізді. Санкт-Петербург клубындағы мансабында ол Ресей чемпионы атағын үш рет жеңіп алып, ел кубогы мен Суперкубогын да иеленді.