Қытай билігі Мбаппенің кешіріміне қатысты мәлімдеме жасады

Қытай билігі Килиан Мбаппенің кешірімін байыппен қабылдады

Getty Images
Getty Images

Қытай билігі Франция құрамасының капитаны, мадридтік «Реал» шабуылшысы Килиан Мбаппенің даулы сөзі үшін кешірім сұрауына қатысты пікір білдірді. Қытай тарапы футболшының мәлімдемесін назарға алғанымен, «Реал» клубы мен Испанияның Ла Лига ұйымынан шынайы кешірім күтетінін жеткізді.

Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Го Цзякунь бұл мәселеге 28 қазанда өткен баспасөз мәслихатында тоқталды. Ал Қытайдың мемлекеттік телерадиокорпорациясы China Media Group футболшының кешірімі назарға алынғанын хабарлады.

«Ла Лига басшылығы, мадридтік “Реал” клубы және Килиан Мбаппенің өзі бұл оқиғадан сабақ алып, шынайы кешірім сұрайды әрі жіберілген қателіктерді батыл түзетеді деп үміттенеміз», – делінген корпорация мәлімдемесінде.

Даудың туындауына Мбаппенің The Bridge подкастындағы сөзі себеп болған. Кейін өшірілген шығарылымда футболшы өз бейнесі Қытайдың бұрынғы басшысы Мао Цзэдунға ұқсатып қойылған мем туралы әзілдеген. Ол Мао Цзэдунды «Қытай диктаторы» деп ойлағанын айтқан.

Осыдан кейін Мбаппе француз, ағылшын және қытай тілдерінде мәлімдеме жасап, сөзінің орынсыз болғанын мойындады. Сондай-ақ Қытай халқына және оның тарихына деген құрметін білдіріп, кешірім сұрады.

Оқиғадан кейін Қытайдың бірқатар ірі бренді футболшымен серіктестігін тоқтатты. Олардың қатарында Dongpeng Beverage, Mengniu және Milkground компаниялары бар. Бұдан бөлек, Қытайдың мемлекеттік телерадиокорпорациясы Испания чемпионатының көрсетілімін және Мбаппе қатысатын матчтардың трансляциясын тоқтатты. Ла Лига мен «Реал» клубы да кешірім білдірді.

Жағдайды реттеу үшін Ла Лига президенті Хавьер Тебас Қытайдың Испаниядағы елшісімен кездесті. Оның айтуынша, тараптар Мбаппенің сөзіне байланысты туындаған мәселені талқылап, оны түпкілікті шешу жолдарын қарастырған.

Қытай тарапының мәлімдемесінде кешірімнің назарға алынғаны айтылғанымен, футболшы мен клубтың қарым-қатынасты қалпына келтіру бағытында қандай қадам жасайтыны әзірге белгісіз.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам