Қақпашының тізесі шабуылшының кеудесіне тиіп, футболшы есінен танып қалған
Испанияның «Тенерифе» клубының шабуылшысы Хесус де Мигель 30 жасында қайтыс болды. Футболшы екінші дивизион аясында «Андорраға» қарсы өткен матчта ауыр жарақат алған еді. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі хабарлады.
2 қараша күні ойынның қосымша уақытында Мигель қарсылас қақпашысы Хесус Овономен соқтығысып қалған. Қақпашының тізесі шабуылшының кеудесіне тиіп, футболшы есінен танып қалған. Осы эпизодтан кейін төреші Овоноға қызыл қағаз көрсетті. Матч 2:2 есебімен тоқтатылды.
Де Мигельге алаңда алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, кейін ауруханаға жеткізілген. Алайда жолда футболшының жүрегі тоқтап қалған. Дәрігерлер жүрек соғысын қайта қалпына келтіріп, оны жансақтау бөліміне жатқызған.
3 қараша күні таңертең «Тенерифе» клубы шабуылшының қайтыс болғанын ресми түрде мәлімдеді. Клубтың хабарлауынша, футболшы жергілікті уақыт бойынша сағат 08:00-де көз жұмған.
«Қайғыдан қан жұтып, болған оқиғаға әлі де сене алмай, Хесус де Мигель Аламеданың қайтыс болғанын хабарлаймыз.
Бұл ауыр қазаны жеңілдететін сөз жоқ. Біз оның отбасына, жақындарына және бүгін осы қайғылы хабарға ортақтасып отырған «Тенерифе» жанкүйерлеріне көңіл айтамыз.
Хесус де Мигельдің отбасы көрсетілген қолдау мен көңіл айту сөздері үшін баршаға алғыс білдіреді. Сондай-ақ осынау ауыр сәтте олардың жеке өміріне құрметпен қарауды сұрайды», – делінген клуб мәлімдемесінде.