Рюдигер мен Беллингем жаппай төбелестің ортасында қалды

«Реал» мен «Валенсия» матчынан кейін жанжал шықты

Getty Images
Getty Images

Испания чемпионатының 12-туры аясында өткен «Валенсия» мен мадридтік «Реал» арасындағы кездесу алаңнан тыс үлкен жанжалмен аяқталды. «Месталья» стадионының ішкі дәліздерінде екі команданың футболшылары мен қауіпсіздік қызметкерлері арасында жаппай қақтығыс болған.

Басылымның мәліметінше, жанжалдың бел ортасында «Реалдың» қорғаушысы Антонио Рюдигер жүрген. Германиялық футболшы «Валенсияның» күзет қызметкерімен сөзге келіп, келіспеушілік жанжалға ұласқан. Оларды ажыратуға араласқан қауіпсіздік қызметкерлерінің бірі соққы алған.

Оқиғаға «Реалдың» тағы екі ойыншысы – Эдер Милитао мен Джуд Беллингем де араласқан. Жағдайдың ушығып кеткені соншалық, жанжалды тоқтату үшін Испанияның ұлттық полициясын шақыруға тура келген.

Қақтығыстың туындауына матч кезіндегі төрешілік шешімдер түрткі болған. «Валенсия» ойыншылары Мафео мен Килиан Мбаппе арасындағы эпизодта төрешінің ереже бұзушылықты тіркеуіне наразы болған. Дәл осы сәттен кейін Федерико Вальверде «Реалдың» алғашқы голын соққан.

Кездесу аяқталған соң алаң иелерінің капитандары Хосе Гая, Гвидо Родригес және Пепелу бас төреші Эрнандес Маэсоның соңынан еріп, одан түсініктеме талап етпек болған. Алайда төреші бөлмесіне қарай бет алған сәтте «Реал» ойыншылары араласып, қарсыластарын дауды доғарып, киім ауыстыратын бөлмеге кетуге шақырған. Артынша екі тарап арасында жаппай қақтығыс болды. Қауіпсіздік қызметкерлері футболшыларды әрең ажыратқан.

Енді бұл оқиға «Реал» ойыншылары үшін тәртіптік жазаға әкелуі мүмкін. Испания футбол федерациясының (RFEF) регламентіне сәйкес, қауіпсіздік қызметкерлеріне қарсы агрессивті әрекет жасағаны дәлелденген футболшылар төрт матчтан 12 матчқа дейін дисквалификациялануы ықтимал.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам