Бұл жайт көпшілік арасында қызу талқыланған еді
Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов баспасөз жиынында болған келеңсіз жайтқа қатысты пікір білдірді.
Естеріңізде болса, жақында тағайындалған бас бапкер Станислав Черчесов қазақ тілінде сұрақ қойған тілшіге шүйлігіп, сауалды орыс тілінде қоюды сұраған. Бұл жайт көпшілік арасында қызу талқыланып, ресейлік маман біраз сынға ұшыраған.
«Станислав Черчесовке қазақ тілін білу шарт емес, бастысы, біздің менталитетті, мәдениет пен дәстүрді түсінсе болды. Ол қазақ тілінде амандасып, оңай сөздерді білгені жөн. Мұны өзі түсінуі керек. Черчесовтен біздің тіл мен салт-дәстүрге құрметпен қарау ғана талап етіледі. Ал ол өз кезегінде бар білгенін қазақстандық футболмен бөліседі.
Черчесов қазақ тілін үйренуі керек деген мәселе жоқ және мұны біздің тілшілер біледі. Бұл жерде біреудікі дұрыс, біреудікі бұрыс деп айтуға келмейді. Станислав Саламұлының ерекше мінезінен көпшілік хабардар. «Қазақта шешілмейтін түйін жоқ» деген нақыл бар. Біз, қазақтар, әрбір адамға құрметпен қараймыз», - деді Барменқұлов Sport24-ке берген сұхбатында.
Айтпақшы, осы жайттан соң Черчесовтің қазақ тілін үйренуге уәде бергенін жазған едік.