Ермаштың Бразилиядағы оқиғасы: 20 минут картинасыз тікелей эфир жүргізіп, Ұлттық арнаны "құтқарды"

Ресейге шақырса бармаймын – Магомед Адиев жоспарымен бөлісті

01.01.2024, 10:04

Маман көктемде болатын ойындарға дайындалатынын айтты

Ресейге шақырса бармаймын – Магомед Адиев жоспарымен бөлісті
Қазақстан футбол федерациясы

Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Адиев sports.ru сайтына сұхбат беріп, Ресейге оралу туралы мәселеге тоқталды. Қазақстанға келместен бұрын Адиев Грозныйдың «Ахмат» клубын жаттықтырған болатын.

«Бұрын Ресейде сұранысқа ие болсам деп армандайтынмын. Өйткені, сол елде тудым, өстім, футбол ойнап, жаттықтырушы болдым. Бірақ, сені бағаламай, сен өзіңді дәлелдеу үшін өзге елге кетуің керек болады. Тек содан кейін ғана отаныңда сені іздей бастайды.

Мен жаттықтырушы болып бастағанымда, өзімді тек «Ахматтан» ғана көретінмін. Бұл клубпен мені көп нәрсе байланыстырады: Грозныйда тудым, осы командада ойнадым. Ал, әкем болса «Теректе» ұзақ уақыт жұмыс істеді. Футболист ретінде командама барымды бере алмағандай сезімде жүретінмін. Мұның орнын бапкер болып толтырғым келді. Арада уақыт өтті, мен бұл ойымнан қайттым. Қай жерде бағалайды, қай жерде еңбегіңді құрметтейді – сол жерде жұмыс істеу керегін түсіндім.

Егер осы қыста мені Ресей Премьер-лигасына шақырса мен бармаймын. Өйткені, алдымызда көктем ойындары күтіп тұр. Маған ұсыныстар түсті, бәрінен бас тарттым. Бізде Еуроға баратын екінші мүмкіндік бар, соны барынша пайдаланғым келеді», - деді М.Адиев.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы наурызда Ұлттар лигасы аясында Грекия құрамасымен ойнайды. Жеңген жағдайда финалға шығып, Еуропа чемпионатына берілетін жолдамаға таласады.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам