
Ол осыдан бірнеше ай бұрын қалыңдығымен некелескен болатын
Ташкентте даңқты өзбек футболшысы Абдукодир Хусановтың үйлену тойы басталды деп жазады Sports.ru. Салтанатты шараға спортшының командаластары – «Манчестер Сити» ойыншылары келмеген.
21 жастағы футболшының тойы таңнан басталған. Ташкенттегі «Версаль» мейрамханасына дастархан жайылып, қонақтарға таңғы асқа палау беріліпті. Ал, залда тұрған үлкен экранда Хусановтың АПЛ-дегі ойындарынан үзінділер көрсетілген.
Еске салайық, Абдукодир Хусанов «Манчестер Ситиге» Францияның «Ланс» клубынан 40 млн еуроға ауысты. Трансфер 2025 жылдың басында болған. Содан бері өзбек футболшысы англиялық клуб сапында өнер көрсетіп жүр.
Бірнеше ай бұрын Хусановтың Манчестерден Ташкентке арнайы келіп, қалыңдығымен некелесіп кеткені туралы айтылған болатын. Осы оқиғадан кейін ол негізгі құрамдағы орнын жоғалтып, ұзақ уақыт қосалқы құрамда отырды.