
Беларусь билігі Қазақстандағы қауіпсіздік қызметтері арқылы қысым көрсетуі мүмкін
Беларусь шабуылшысы Илья Шкурин Польшаның «Легия» клубымен бірге Қазақстанға келуден бас тартты. Бұл туралы sports.ru жазды.
Оның айтуынша, Беларусь билігі Қазақстандағы қауіпсіздік қызметтері арқылы қысым көрсетуі мүмкін. Бұл жағдай 2020 жылы ол Беларусь президенті Александр Лукашенконы ашық сынға алғаннан кейін туындаған.
Шкурин бұған дейін Беларусь құрамасында ойнаудан да бас тартқан болатын. Сол кезде аяқдоп шеберін елдің футбол федерациясы әскерге алып кетеміз деп қорқытып, түрлі қысым жасаған. ЦСКА клубынан кеткеннен кейін ол Украина, Израиль және Польша клубтарында ойнады.
Поляк журналисі Кшиштоф Марциняктың жазуынша, 25 жастағы шабуылшы Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде «Ақтөбеге» қарсы қарымта матчқа (бірінші ойын – 1:0) келуден бас тартқан. Шкурин Беларусь билігі Қазақстанның қауіпсіздік құрылымдарына ықпал етіп, қиындық туғызады деп қауіптенеді.
«Лукашенко билікте кезде, құрамада ойнамаймын»
2020 жылдың тамызында – ЦСКА сапында жүрген кезінде ол әлеуметтік желіде:
«Ұлттық құраманың кеңейтілген тізіміне енгенімді тағы да әлеуметтік желі арқылы біліп отырмын, жауабымды да осында жариялаймын: Лукашенко режимі билікте тұрғанша, ұлттық команданың атынан өнер көрсетуден бас тартамын», - деп жазды.
Осы мәлімдемеден кейін Шкурин Беларусьтің жастар немесе негізгі құрамында бірде-бір матч өткізген жоқ.
Бір ай өткен соң оны жастар құрамасына Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Нидерланд және Португалияға қарсы ойындарға шақырғанымен, ол жиынға бармаған. 2020 жылдың желтоқсанында Беларусь футбол федерациясы FIFA-ға шағым түсіргенімен, халықаралық ұйым ойыншы қорғап, ешқандай жаза қолданған жоқ.
2021 жылы Шкурин Беларусь жастар және ұлттық құрама тізімінен ресми түрде шығарылды. Бұл тізімде болу елдің Спорт және туризм министрлігінің шешімімен әскерге шақыруды кейінге шегеруге мүмкіндік береді. Ал Илья Шкуринге мұндай жеңілдік берілмейді.