
Бірақ әзірге бұл шешім алдағы екі ойынға ғана қатысты
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері міндетін атқарушы Талғат Байсуфинов қараша айында өтетін Бельгия және Фарер аралдарына қарсы матчтарда командамен жұмысын жалғастырады.
Журналист Эльдар Аманбаевтың хабарлауынша, Байсуфинов ұлттық құраманың бас бапкері қызметінде қалады, бірақ әзірге бұл шешім алдағы екі ойынға ғана қатысты.
Еске сала кетсек, Талғат Байсуфинов 2025 жылдың 30 қыркүйегінен бастап Қазақстан құрамасының бас бапкері міндетін атқарып келеді. Ол бұл қызметке Али Алиевтің орнына келген болатын.
Талғат Маруаұлының жетекшілігімен ұлттық құрама 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде екі матч өткізді. 10 қазан күні Лихтенштейнді өз алаңында 4:0 есебімен ұтса, 13 қазанда сырт алаңда Солтүстік Македониямен тең түсті – 1:1.
Осылайша, Қазақстан құрамасы 4 ұпай жинады. Енді қарашада команда тағы екі матч өткізеді: бірі – Бельгиямен (2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі), екіншісі – Фарер аралдарына қарсы жолдастық кездесу.
Бұған дейін де Байсуфинов ұлттық құраманы екі рет басқарған – 2016-2017 және 2020-2022 жылдары.
Айта кетсек, қазір ол жастар құрамасы (U21) бапкерлерінің менторы қызметін де атқарып жүр.