Старыгин шәкірттері енді Жапония мен Австрия хоккейшілерімен айдынға шығады
Хоккейден жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы қатарынан үшінші жеңісіне қол жеткізіп, A тобында көш бастады.
Венгрия астанасында өтіп жатқан әлем біріншілігінде Франциямен кездескен қазақстандық хоккейшілер 4:0 есебімен жеңді.
Бірінші кезеңде Давлат Нүркенов алғашқы шайбаны соқса, екінші кезеңде Егор Смолянинов есепті еселеді. Ал, ойынның үшінші бөлігінде Нүркенов пен Александр Ким бір-бір шайбадан соғып, Қазақстан құрамасына жеңіс алып келді.
Сергей Старыгин шәкірттері енді топтық кезеңде екі ойын өткізеді: 14 желтоқсанда Жапониямен айдынға шықса, 16 желтоқсанда Австрия хоккейшілерімен бақ сынасады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның жастар құрамасы Венгрия мен Данияны жеңген болатын. Тоғыз ұпай жинаған жерлестеріміз топта бірінші орынға шықты.