
Содан бері осы командадан 10 матч қатарынан сәтсіздікке ұшырап отыр
Астанада Құрлықтық хоккей лигасының кезекті ойыны өтті. «Барыс» өз айдынында Қазанның «Ак Барс» командасын қабылдады.
Кездесудің алғашқы секунды-ақ «Барыс» үшін сәтсіз басталды: небәрі 14-секундта Владимир Алистров ресейлік клубқа алғашқы шайбаны соқты.
Үшінші кезеңнің басында Никита Дыняк есепті 0:2-ге жеткізді. Араға бір минут сала Майк Веккионе таразы басын теңестіруге мүмкіндік берді (1:2). Алайда «Барыс» қалған уақытты пайдалана алмай, жеңіліп қалды.
«Барыс» маусымды сәтті бастаған еді: Астанада өткен алғашқы төрт матчтың үшеуінде жеңіске жеткен. Бірақ кейінгі төрт ойында қатарынан жеңіліске ұшырап отыр.
«Ак Барс» биыл да тұрақсыз өнер көрсетіп келеді. Бұған дейінгі жеті кездесудің тек екеуінде ғана жеңіске жеткен болатын. Соған қарамастан, елордадағы матчта олар бар күшін салып, өз пайдасына шешті.
«Барыс» Қазан клубын соңғы рет 2022 жылдың желтоқсанында жеңген еді. Содан бері осы командадан 10 матч қатарынан сәтсіздікке ұшырап отыр.
Елорда командасы енді үш ойынды қатарынан өз айдынында өткізеді:
27 қыркүйек – «Сибирь» (Новосібір);
29 қыркүйек – «Адмирал» (Владивосток);
1 қазан – «Локомотив» (Ярославль).