
Шешуші кезеңде астаналықтар жеңісті жұлып алды
Астананың «Барыс» клубы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынында өз айдынында Ресейдің «Сибирь» (Новосібір) клубын қабылдап, тартысты матчта 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Кездесу қонақтардың қарқынды шабуылымен басталды. Алғашқы бес минутта-ақ ресейлік клубтың ойыншылары Роман Калиниченко мен Скотт Уилсон екі шайба соғып, есепті 0:2-ге жеткізді. Алайда «Барыс» намысты қолдан бермей, Семён Симонов (8-минут) пен Дмитрий Бреус (22-минут) жауапты шайбаларымен таразы басын теңестірді.
Көп ұзамай «Сибирь» сапынан Никита Сошников (23-минут) пен Владислав Кара (27-минут) мергендік танытып, есепті 2:4 қылды. Бірақ алаң иелері берілмеді: Джейк Масси (30-минут) мен дубль жасаған Семён Симонов (37-минут) нәтижесінде есеп қайта теңесті – 4:4.
Шешуші кезеңде астаналықтар жеңісті жұлып алды. Алдымен Иэн Маккошен (48-минут), соңынан Мэйсон Морелли (58-минут) қарсылас қақпасын дәл көздеп, қорытынды есепті 6:4 қылды.
Бұл жеңістен кейін «Барыс» 9 ұпай жинап, 13-орынға көтерілді. Ал «Сибирь» 8 ұпаймен 17-сатыда қалды.
Енді «Барыс» келесі екі кездесуін де өз айдынында өткізеді:
29 қыркүйек – «Адмирал» (Владивосток)
1 қазан – «Локомотив» (Ярославль).