Ол лайықты қарсылас керектігін айтты.
Қазақстандық ММА шебері Фаниль Рафиков (24-6) өзбекстандық Мухаммаджон Курбановтың (16-4) NAIZA лигасының жеңіл салмақтағы чемпиондық белдігіне таласу ниетін сынап тастады.
NAIZA 78 турнирі аясында Алматыда өткен жекпе-жекте Курбанов қытайлық Ли Денгті (2-2) бірінші раундта нокаутпен жеңді. Ал кештің басты айқасына теңестірілген кездесуде бразилиялық Майке Линьярес (20-3) күтпеген жерден қазақстандық чемпион Тимур Серікұлынан (6-3) басым түсті. Осы жекпе-жектен кейін Курбанов Линьяреспен көз арбасып, титулға таласуға ниет білдірді.
Фаниль Рафиков бұл жайтқа қатысты үнсіз қалған жоқ.
Қазір ғана Серікұлы – Линьярес арасында титулдық айқас өтті. Жеңіс бразилиялыққа бұйырды. Тимге тезірек сауығып, бұрынғыдан мықты болып оралуын тілеймін. Сол жерде Курбанов шығып, стердаун жасады. NAIZA лигасында дәл қазір одан асқан түкке тұрғысыз үміткер жоқ шығар. Бұған сенімдімін.
Сондықтан не Тимге реванш беріңдер, не деңгейі лайықты қарсылас таңдалуы керек. Ал мына адамға (Курбанов) Поп-ММА-ның шоуын жасауға мүмкіндік берудің қажеті жоқ. Ол тек хайп үшін шықты. Нұрбек Қарабала дұрыс шешім қабылдайды деп ойлаймын. Жақсы, жас, мықты үміткерлер көп немесе Тимурға реванш керек, – деді Рафиков.
Айта кетейік, «Қазақстандық Макгрегор» лақап атымен танылған Фаниль Рафиков бұған дейін дәл осы салмақта NAIZA чемпионы болған. Қазір павлодарлық файтер ресейлік Fight Nights ұйымының Гран-при турниріне дайындалып жатыр.
Ал Мухаммаджон Курбанов қатарынан тоғыз жекпе-жекте жеңіске жетті. Бұған дейін ол қазақстандық OCTAGON ұйымының чемпионы болған.