Белгісіз адамдар оның чемоданын ұрлап кеткен
UFC ұйымының жартылай орта салмақтағы чемпионы, ресейлік Ислам Махачев Италияда ұрылардың құрбаны болды.
Файтердің айтуынша, белгісіз адамдар оның чемоданын ұрлап кеткен. Ең бағалы заттардың қатарында француздың «Пари Сен-Жермен» клубында өнер көрсететін футболшы Хвича Кварацхелия сыйлаған бутсы болған.
«Италияға үлкен үмітпен келген едім, бірақ енді бұл елге деген көзқарасым өзгерді. Әмияным мен төлқұжатымды қайтарып берді — “әдепті” ұрылар екен. Алайда ең қымбат зат – Хвича Кварацхелия сыйлаған бутсылар чемоданда еді. Егер футбол сіздерге қызық болмаса, қайтарып берсеңіздер болады. Уайымдамаңыздар, бәрі жақсы. Жайнамазым өзімде қалды, маған одан артық ештеңе керек емес», – деп жазды Махачев әлеуметтік желідегі парақшасында.
Айта кетейік, Ислам Махачев – UFC-дегі ең беделді файтерлердің бірі. Ол кәсіби мансабында 28 жеңіске жетіп, бір ғана рет жеңіліс тапқан. Бұған дейін жеңіл салмақта чемпион атанып, қазіргі уақытта салмақ дәрежесіне қарамастан UFC рейтингінде көш бастап тұр.