Конор Макгрегор мен Макс Холлоуэй реванш өткізеді
Канадалық танымал рэпер Дрейк UFC 329 турнирінің басты жекпе-жегінде Конор Макгрегордың жеңісіне 1 миллион доллар көлемінде бәс тікті.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында бәс тігілген түбіртектің скриншотын жариялады. Егер ирландиялық файтер жеңіске жетсе, Дрейкке жалпы 2,85 миллион доллар төленеді. Оның 1,85 миллион доллары – таза ұтыс.
UFC 329 турнирінің басты оқиғасында Конор Макгрегор мен Макс Холлоуэй реванш өткізеді. Жекпе-жек жартылай орта салмақта өтіп, 12 шілде күні АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында ұйымдастырылады.
Қос файтер алғаш рет 2013 жылы кездескен болатын. Ол кезде Макгрегор төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жеткен еді.
Бұл ирландиялық спортшы үшін соңғы бес жылдағы UFC-дегі алғашқы жекпе-жек болмақ.
Конор Макгрегор аралас жекпе-жекте 22 жеңіс пен 6 жеңіліске ие. Ал Макс Холлоуэйдің еншісінде 27 жеңіс және 9 жеңіліс бар.