Макгрегор, Харди, Андраде: ММА-ға өзге спорт түрлерінен келген саңлақтар

Бүгін, 08:48

Олардың көпшілігі футбол ойнаған

Макгрегор, Харди, Андраде: ММА-ға өзге спорт түрлерінен келген саңлақтар
Getty Images

23 мамырда Париждегі Accor Arena-да ерекше оқиға өтеді: футбол әлемінің жұлдызы Патрис Эвра өзінің ММА-дегі алғашқы жекпе-жегіне шығады. «Манчестер Юнайтед» пен Франция құрамасының бұрынғы қорғаушысы 43 жастағы Эвра Professional Fighters League (PFL) турнирінде дебют жасамақ. Несі бар, аралас жекпе-жекте менмін деген мықтылардың арасында да өзге спортта атой салып, кейіннен ММА-ға бет бұрғандар аз емес. Тіпті аралас жекпе-жекке деген қызығушылықты жаңа деңгейге көтергендердің бірі Конор Макгрегор да кезінде футболмен әуестенген.

Мэтт Митрион – америкалық футбол

Федор Емельяненконы жеңген Мэтт Митрион өзінің спорттық жолын америкалық футболдан бастаған. Ол NFL-де «Миннесота Вайкингс» пен «Нью-Йорк Джайантс» командаларында ойнаған. Алайда, ауыр жарақаты мансабын аяқтауға мәжбүр етті, тіпті бір жыл бойы балдақпен жүрді. Кейін оның назары ММА-ға ауып, The Ultimate Fighter шоуының 10-маусымына қатысады. Тәп-тәуір өнерімен көзге түскен ол UFC-мен келісімшартқа отырған. ММА-да 23 жекпе-жек өткізсе, 13 жеңіс, 9 жеңіліс және 1 тең нәтижеге қол жеткізді. Солардың ішінде жанкүйердің есінде ерекше қалғаны – 2017 жылдың 24 маусымында Bellator 180 турнирінде Емельяненконы техникалық нокаутпен жеңуі.

Конор Макгрегор – футбол

UFC жұлдызы Конор Макгрегор бастапқыда «Лудерс Селтик» футбол клубында ойнаған. Ол шабуылда шеберлік танытып, қарсыластарын түрлі финттерімен шатастыратын. Алайда, Конордың қызбалығы алаңда көп кедергі келтірді: қарсыластарымен жиі төбелесіп қалатын. Ақыры өзіне ыңғайлы ММА-ға бет бұрды. Бүгінде Макгрегор – аралас жекпе-жектің нағыз аңызы әрі осы спорт түрі арқылы қалтасын қомпайтқан миллионер.

Грег Харди – америкалық футбол

Грег Хардидің NFL-де де биік белестерді бағындыруға әлеуеті жететін. 2010 жылы оны «Каролина Пантерз» командасы драфтқа алып, кейін негізгі құрам ойыншысына айналды. Бірақ 2014 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша айыпталып, басшылық оның алаңға шықпағаны дұрыс деп шешті. Ал 2016 жылы есірткі сақтағаны үшін ұсталып, футболдан біржола кетіп, ММА-ға ауысты. UFC-де тоғыз жекпе-жек өткізіп, қатарынан үш рет жеңілген соң ұйымнан шығарылды. 2022 жылы Bare Knuckle FC лигасына қосылды. Осылайша ол үш түрлі спорт түрінде бақ сынап үлгерген саңлақтардың бірі.

Александр Волкановски – регби

Ал UFC чемпионы Александр Волкановски кезінде регби ойнаған. Ал салмағы 100 келіге жуықтаған. Бала күнінен күреспен айналысқанымен, 14 жасында регбиші боламын шешеді. 2011 жылы командасы чемпион атанып, Волкановски финалдың үздік ойыншысы атанған. Соған қарамастан, регбиден бас тартып, 2012 жылдан бастап ММА-ға ауысты. Сөйтіп жеті жылда UFC чемпионы атағына қол жеткізді.

Доминик Рейес – америкалық футбол

Доминик Рейес студент кезінде америкалық футболмен айналысып, NFL драфтына қатысқанымен, келісімшартқа қол жеткізе алған жоқ. Содан кейін ол ММА-ға ауысып, алғашқы алты жекпе-жекте жеңіске жетті. Мұнысын UFC басшылығы жоғары бағалап, қатарына қосты. Таңдаудың қате болмағанына Джон Джонспен өткен чемпиондық айқас дәлел. Сол жекпе-жекте Рейес тәжірибелі Джонстың өзін біраз әбігерге салды, дегенмен тартысты кездесуде жеңіліс тапты. Кейін Ян Блаховичке қарсы титулдық кездесуде нокаутпен жеңілді. Дегенмен, екі бірдей титулдық жекпе-жек – бұрынғы футболшы үшін үлкен жетістік.

Уолт Харрис – баскетбол

UFC-де үш рет жеңіліс тапқан Уолт Харрис биылғы наурыз айында ұйымнан қуылды. Соңғы жекпе-жегін 2021 жылы өткізген оның тыйым салынған препараттар қолданғаны расталды. 

Харрис студент кезінде баскетбол ойнап, Ұлттық баскетбол қауымдастығының клубына тағылымдамадан өтуге шақыртылған. Сонымен қатар, бокс жаттығуларына қатысып, жастар арасындағы «Алтын қолғап» турнирінің жеңімпазы атанды. Сөйте тұра оның таңдауы ММА-ға түсті.

Стив Боссе – хоккей

Канадада туған Стив Боссе жастайынан хоккеймен айналысып, төменгі лига командаларында тафгай ретінде танылды. 204 хоккей матчында 205 рет төбелескен. Нәтижесінде мұз айдында шайба соққаннан гөрі адамдарды төмпештеу қолынан жақсырақ келетінін түсінген Боссе аралас жекпе-жекке ауысты. Сөйтіп 2007-2013 жылдар аралығында айқастарында тек бір рет жеңіліп, UFC-мен келісімшартқа отырды. Дана Уайттың ұйымында ол үш жекпе-жекте екі жеңіс, бір жеңіліс тіркеп, 2018 жылы боксқа бет бұрды. Бірақ жұдырықтасу өнерінде айтарлықтай көрсеткіші жоқ.

Джессика Андраде – футбол

Бразилиялық Джессика Андраде бала күнінен футболмен шұғылданып, Сан-Паулудағы клубтардың біріне шақырту алған. Алайда, анасы қызын басқа қалаға жіберуге жүрексінеді. Сонан соң қыз баланың ММА-ға қызығушылығы ауып, 2011 жылы алғашқы жекпе-жегін өткізді. Екі жыл ішінде 11 рет төбелеске шығып, UFC-мен келісімшартқа отырды. Ол тіпті әйелдер арасында кіші салмақта UFC чемпионы атанып үлгерген.

Сирил Ган – футбол және баскетбол

Француз спортшысы Сирил Ган футбол мен баскетболға әуестенгенімен, кәсіби тұрғыда ауыз толтырып айтарлық көрсеткішке жете алмаған. Кейін өз бағын кикбоксинг пен тай боксында сынап көрді. Мұнысы оң жамбасына дөп келгендей. 2018-2022 жылдар аралығында ол 10-0 нәтижемен рекорд орнатты. UFC 270 турнирінде Сирил дивизион чемпионы Франсис Нганнудың мықтылығын мойындауға мәжбүр болды. Дегенмен, үш жылдан сәл астам уақытта қатардағы спортшыдан UFC-дің уақытша чемпионы атағына дейін қол жеткізген Ганның еңбегі шынымен мақтауға тұрарлық.

 

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам