
Ол бұған дейін де билік тарапынан өзіне қысым көрсетілгенін мәлімдеген
Астанада күні кеше Alash Pride FC 108 турнирі аяқталды. Белгілі файтер Қуат Хамитов аталған кеште жекпе-жекке шыға алмағанына қынжылыс білдірді. Өзінің айтуынша, бұған саяси көзқарасы кедергі болған.
Хамитов әлеуметтік желіде билікті жиі сынайды. Енді «осы әрекетім үшін қысым көріп жатырмын» деді спортшы журналист Наима Нұрәлімен болған әңгіме кезінде.
– Қуатты карттан алып тастамасаңдар, турнирді мүлдем өткізбей қоямыз, тек Қуатты алып тастасаңдар ғана турнирді өткізуге рұқсат береміз деп айтыпты. Мен қатыспай-ақ қояйын дедім. Саяси көзқарасым үшін осылай алып тастады.
– Кімге жақпай жүрсіз?
– Өкіметке.
Қазақстандық файтер аралас жекпе-жекте 26 рет жеңіп, 8 рет жеңілген. Соңғы жекпе-жегін былтыр мамыр айында Ресейде өткізіп, Александр Шлеменкоға есе жіберді.