
Бұған дейін дәл осы журналист Назаровтың ЖОО-да оқығанына да күмән келтірген болатын
Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров өзін аралас жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы деп атайтыны белгілі. Белгілі журналист Гүлбану Әбенова оның чемпиондығына күмән келтіріп, спорттық карьерасына талдау жүргізіп көрді. Нәтижесін өзінің Facebook-парақшасында жазған.
Ендеше журналист жазбасын толықтай назарыңызға ұсынамыз.
Ардақ Назаров бүкіл жерде өзін 3 дүркін Әлем чемпионымын деп таныстырады. Және көп сұхбаттарында ешқашан жеңілмегенмін, 2 рет қана тең түскенмін дейді. Бұл расында солай ма?
Мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін, ашық дерек көздеріне жүгінейін. Әлемдік аралас жекпе-жек лигаларының жекпе-жектерінің есебін жүргізетін, солар басшылыққа алатын әлемдік Tapology.com мен Sherdog.com сайттарынан Ардақ Назаровтың жекпе-жек рекордтарына көз жүгіртейік.
Оған көз салсақ, кейіпкеріміз - 20 рет жеңіп, бақандай 3 рет ұтылып, 1 ретінде ғана тең түскен.
ЕНДІ ҚЫЗЫҚ ФАКТІЛЕРГЕ ТОҚТАЙЫҚ.
Депутат Назаров - 2005 жылы Кореяда Әлем чемпионы болдым дейді. Әлемдік сайттардың статистикасы бойынша 2005 жылы Назаров (рекорды 15-1) Du Hyung Kim (5-1) деген спортшымен жекпе-жекке шығып, бірінші айналымда-ақ төрешілердің бір ауыз шешімімен жеңіліп, үйге қайтқан.
Ол турнирде одан басқа 2 қазақ Төлеген Ақылбеков пен Дәнеш Дүнгенбаев, қырғызтандық Замир Сырғабеков пен қазіргі UFC чемпионы Валентина Шевченколар жеңіске жеткен.
Сонда Назаров қалай чемпион боп жүр?
НАЗАРОВ КІМДЕРДІ ҰТТЫ ДЕГЕНГЕ ТОҚТАЛСАҚ
11-0 болғанға дейін тек ДЕБЮТАНТТАРДЫ немесе карьерасын енді бастағандарды ҰТҚАН.
11-0 болған кезде М1 Global ұжымында алғашқы жеңілісіне ұшыраған. Қарсыласы - рекорды 2-0 армян Karen Grigoryan.
Одан бөлек Назаров Грейси командасының өкілі Брендон Гарнерді ұттым деп сұхбат беріп жүр.
Бұл жекпе-жек 2007 жылдың 26-қазанында болған. Бұл жекпе жекте Ардақ Назаров (16-2) Гарнермен (4-1) әрең тең түскен болатын.
СОНДА ЖЕНДІМ ДЕГЕНІ ҚАЙДА?
Назаровтың соңғы жеңілісі - 2010 жылдың 9-қазанында болады. Ол жолы Назаров (19-2-1) америкалық Lance Wipf (7-3) жеңілген болатын.
Жоғарыда келтірілген статистикаға қарап, қорыта келгенде - қазіргі кездегі депутат Ардақ Назаров өзі айтып жүргендей ешқандай да
Әлемнің 3 дүркін чемпионы емес, бар болғаны жекпе-жек тілімен айтқанда «МЕШКОБОЙ» болғанын көрсетеді?
Кәсіби деңгейі қазіргі таңда еліміздегі Alash Pride, Naiza,
OCTAGON лигаларында жүрген ортаңқол спортшылардан төмен болмаса, артық еместігін көрсетеді.