Ол үшінші жеңісіне қол жеткізді.
Семейлік алып күш иесі Зәкір Найманбаев Дана Уайттың Power Slap спорттық шапалақ лигасында үшінші жеңісіне қол жеткізді.
Бұл жолы қазақстандық спортшының қарсыласы рейтингте үшінші орында тұрған америкалық Уэс Мена (4 жеңіс, 3 жеңіліс) болды. Үш раундқа созылған жекпе-жек қорытындысында төрешілер жеңісті Найманбаевқа берді - 30:26, 30:26, 29:27.
Зәкір Найманбаевтың Power Slap лигасындағы көрсеткіші - 3 жеңіс және 2 жеңіліс. Осылайша, ол ауыр салмақ дәрежесінің рейтингінде алтыншы орынға көтерілді.
Айта кетейік, 18 наурыз күні спортшы 32 жасқа толады.
Найманбаев бұған дейін дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Ол пауэрлифтингтен Азия чемпионатында жеңіске жеткен және ерекше рекордтарымен танылған. Мәселен, иығына қошқар көтеріп отырып-тұру жаттығуын орындап, көпшіліктің назарын аударған.
Айта кетейік, Power Slap 18 турнирі АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында UFC 326 турнирінің қарсаңында өтті.