Үш дүркін әлем чемпионы FYERS American Gambits клубының намысын қорғады
Қазақстандық гроссмейстер Бибісара Асаубаева Үндістанның Бангалор қаласында өткен Tech Mahindra Global Chess League — 2026 командалық турнирінде қола жүлдеге ие болды.
Үш дүркін әлем чемпионы жарыста FYERS American Gambits клубының намысын қорғады. Команда финалға өте алмағанымен, турнирді үшінші орынмен аяқтады.
«Финалға шығуға сәл ғана сәттілік жетіспеді. Дегенмен қола жүлде алғанымызға қуаныштымын. Бізді күн сайын қолдаған жанкүйерлерге және жылы қабылдаған Бангалор қаласына рақмет», — деп жазды Асаубаева әлеуметтік желідегі парақшасында.
Қазақстандық шахматшының айтуынша, ендігі басты мақсат — Дүниежүзілік шахмат олимпиадасы. Ол алдағы додада Қазақстан құрамасының намысын қорғайды.
Асаубаева Global Chess League аясында екі жеңіске жетіп, бес кездесуді тең аяқтады және үш рет қарсыласына жол берді. Сондай-ақ турнир барысында ресейлік Полина Шувалованы жеңіп, матчтың үздік ойыншысы атанған еді.
Жарыстың жалпы жүлде қоры 1 миллион долларды құрады.