Ризабек Айтмұхан Астанадағы әлем чемпионатындағы жеңілісіне қатысты пікір білдірді
Қазақстандық балуан Ризабек Айтмұхан Астанада өткен 2026 жылғы әлем чемпионатындағы өнерін қорытындылап, жанкүйерлерге үндеу жасады.
97 келіге дейінгі салмақта сынға түскен отандасымыз жарыстың алғашқы белдесуінде екі дүркін Олимпиада чемпионы, ресейлік Абдулрашид Садулаевпен кездесіп, 1:4 есебімен жеңіліп қалды. Кейін Садулаев ширек финалда америкалық Кайл Снайдерден ұтылғандықтан, Айтмұхан жұбаныш белдесуіне қатысу мүмкіндігінен айырылып, жарысты аяқтады.
Балуан әлеуметтік желідегі жазбасында жеңілістің өз сабағы бар екенін айтып, алдағы уақытта жаңа белестерді бағындыруға ниетті екенін жеткізді.
«Батырдың білегі күшті болғанымен, артында елі тұрса ғана рухы биік болады. Мен үшін қарсыластың атағы емес, елдің намысы биік. Боз кілемдегі әр белдесуімнің артында халқымның үміті мен сенімі тұр.
Жеңіс тұғырынан көрінген сәттерім де болды, сүрінген кездерім де бар шығар. Бірақ жеңілістің ізін жалған сөзбен жуып-шаюға ниетім жоқ. Әр белдесудің өз шындығы, әр нәтижесінің өз сабағы бар.
Бәлкім, тағдыр маған кейбір биіктерді әзірге бұйыртпаған шығар. Алайда ел намысы үшін күресуден ешқашан бас тартқан емеспін. Бұл – аяқталу емес, керісінше, тыңғылықты жоспарым мен жаңа белестерге бастайтын жолдың басы ғана!» – деп жазды балуан.