Комиссия төрешілерді жазалағанымен, жеңіс бәрібір италиян балуанына берілген жоқ
Италия балуаны Франк Чамизо сәуір айының басында Бакуде өткен Еуропа аймақтық іріктеу турнирінің жартылай финалында жеңілу үшін әзірбайжандар қомақты пара ұсынғанын мәлімдеді. Алайда, спортшы бас тартып, әділ күресуге бел буған.
Соған қарамастан ол жартылай финалда Әзірбайжан балуаны Тұран Байрамовтан 8:8 нәтижесімен ұтылды. Ол соңғы секундта 2 ұпайлық әдіс жасаған болатын. Бастапқыда бұл көрсеткішті төреші есепке алғанымен, артынша әзірбайжандық бапкерлер наразылық білдірген соң ұпай саналмады.
Сол жолы Баку кілемінде Чамизо наразылық білдіріп, бұл шешіммен келіспеген болатын. Соған қарамастан жеңіс Тұран Байрамовқа беріліп, ол Париж Олимпиадасының жолдамасына қол жеткізді.
«Белдесу болатын күні таңертең Әзірбайжан адамдары келіп, Тұран Байрамовтен жеңілуді сұрады. Егер келіссем, 300 мың доллар беруге дайын екендерін жеткізді. Мен Италия намысын әділдікпен қорғау принципінен жаңылмай, бұл ұсыныстан бас тарттым. Параны кім ұсынғанын айта алмаймын», - деді Чамизо Италияның «La Repubblica» басылымына берген сұхбатында.
Кубада туып, 2011 жылдан бері Италия құрамасында өнер көрсетіп жүрген Чамизо – Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, екі дүркін әлем чемпионы. Енді ол мамыр айының басында Стамбұлда күрес түрлерінен өтетін іріктеу бәсекесіне қатысады.
Ал, оның шағымына қатысты Біріккен күрес әлемі бірнеше төреші мен делегатты 2-8 ай аралығында спорттан шеттетті. Бірақ жеңіс Тұран Байрамовта қала беретін болып отыр.
Чамизо төрешілерді Әзіржанбайжан тарапы сатып алғанын мәлімдеген соң Тұран Байрамов жауап беріп, оған кеңесін айтты.
«Кейбір жағдайда жеңілісті қабылдай білу керек. Бос әрі дәлелі жоқ айыптаулар Чамизо сияқты танымал балуандардың абыройын көтермейді. Егер оның дәлелі болса көрсетуі керек. Егер болмаса үнсіз ғана Стамбұл турниріне дайындалуға кеңес беремін», - деді Тұран Байрамов.