Ол Алматыға алғаш рет келіп тұр
Еркін күрестен екі дүркін Олимпиада чемпионы Абдулрашид Садулаев өзіне құрмет көрсеткен алматылықтарға алғыс білдірді. Даңқты спортшы күні кеше Қазақстанға келген еді.
Оның сөзінше, жергілікті жұрт оған ерекше ықыласпен сый-құрмет көрсеткен.
«Алматыға сапар естен кетпес сапар болды. Қазақстандағы қонақжайлық танытып, ыстық ықылас көрсеткен ағайынға ерекше алғыс айтамын», - деп жазды спортшы әлеуметтік желіде.
Бұған дейін Садулаевтың Алматыға алғаш рет келгені туралы жазған едік. Еркін күрестен Қазақстан ұлттық құрамасының балуаны Әлішер Ерғали 1bol.kz тілшісіне Садулаевты Алматыға таныстары арнайы қонаққа шақырғанын айтты.
«Алматыға 2-3 күнге қыдырып келген еді. Осындағы ағаларымыз арнайы шақыртқан екен. Алматыға табаны тиген соң хабарласты. Осылайша оны қонақ ретінде күтіп жатқан жайымыз бар», - деді Әлішер Ерғали.
Садулаев еркін күрестен Олимпиада ойындарында екі мәрте топ жарған. Ол Рио (86 кг) және Токио (97 кг) Олимпиадасында үздік атанды. Ал, биыл Парижде күрескен жоқ. Ресейдің басқыншылық соғыс жүргізуі салдарынан елдің спортшылары санкцияға ілінген болатын. Сондай-ақ, ол әлемнің алты дүркін емпионы екенні де атап өту керек.