
Ол әлем чемпионатына 10 рет қатысып, тоғызында жүлде алған
Еркін күрестен Лондон Олимпиадасының чемпионы, АҚШ-тың танымал балуаны Джордан Барроуз Ямайка құрамасына ауысты. Ол аталған елдің атынан халықаралық жарыстарда күресуге бел буып отыр.
Бұл туралы Джордан ресми түрде мәлімдеп, жанкүйерлерімен тың жаңалығыменбөлісті.
«Ұзақ ойлана келе және басқалардың да осылай жасағанын көріп, мен де трансферлік шешім қабылдадым. Кезінде маған сенім артқан АҚШ құрамасына шын жүректен алғысымды білдіремін. Енді өз мүмкіндігімді алыстағы Ямайка аралына барып пайдаланбақпын. Қызыл, ақ және көк түстерді қара және жасылға ауыстыратын уақыт келді. Әсіресе, жасыл түске ерекше назар аударамын. Түсінген түсінеді. Бұған кейбіреулер сенбеуі мүмкін, бірақ Ямайкада күрес командасы бар», - деп жазды Джордан Барроуз әлеуметтік желідегі парақшасында.
Джордан Барроуз еркін күрестен 74 келіде АҚШ құрамасында ұзақ жылдар бойы өнер көрсетті. Ол Лондон Олимпиадасында топ жарса, Рио Олимпиадасында 7-ші орынға тұрақтады. Сондай-ақ, әлем чемпионаттарына 10-рет қатысқан. Алты мәрте әлем біріншілігінің чемпионы болса, 3 рет қола жүлдеге ие болды. Ал 2024 жылы Тиранада өткен әлем чемпионатында ол өзінің спорттық мансабында алғаш рет жүлдесіз қалды.
Ол Токио және Париж Олимпиадасына қатысуға үмітті болғанымен АҚШ-тың ішкі іріктеу турнирінде есе жіберді. Айта кететін жайт, Джордан 2024 жылы Таразда өткен Д.Ахметов турнирінде күресіп, топ жарған.