
Бибісара Қазақстан тарихындағы екінші әйел гроссмейстер атанбақ
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева халықаралық аренада тағы бір маңызды жеңіске қол жеткізді.
Sharjah Masters 2025 супертурнирінде 21 жастағы дарынды спортшы гроссмейстер (GM) атағына қажетті үшінші норманы орындап, алғаш рет FIDE рейтингінде 2500 межеден асты.
Бұл көрсеткіш оған ерлер арасындағы ең жоғары шахмат атағына қол жеткізуге мүмкіндік берді. Енді тек ФИДЕ кеңесінің ресми шешімі қалды. Отырыс қорытындысы бойынша Бибісара Қазақстан тарихындағы екінші әйел гроссмейстер атанбақ. Алғашқысы — Жансая Әбдімәлік.
Sharjah Masters 2025 турнирінде 64 гроссмейстер бақ сынады. Бибісара жалпы есепте үздік 30-дыққа енсе, әйелдер арасында ең жоғары нәтиже көрсетті. Ол әйелдер арасындағы Гран-при жеңімпазы Чжу Цзиньэр мен Олимпиада чемпионы Дивья Дешмухты артта қалдырды.