
Тізімдегі жалғыз әйел - теннисші Серена Уильямс
Әлемдік спорт тарихындағы ең көп табыс тапқан 50 спортшының есімі белгілі болды. Инфляция деңгейін ескергенде көшбасшы спортшылардың жалпы табысы 53,2 миллиард долларды құраған.
Аталған көрсеткіш бойынша аңызға айналған баскетболшы Майкл Джордан үздіктерді бастап тұр. Екінші орында гольф ойыншысы Тайгер Вудс тұрақтаса, үштікке әйгілі футболшы Криштиану Роналду енген.
Sportico-ның мәліметінше, тарихтағы ең көп табыс тапқан 50 адам сегіз түрлі спорт түрі бойынша анықталды.Оның ішінде футбол, гольф, баскетбол, автоспорт, америкалық футбол, теннис, бейсбол және бокс бар. Бұл тізімде ең көп табысты баскетболшылар (13 адам) тапқан.
Олардың жалпы табысы 14,84 миллиард долларды құрады. Одан кейін 8 гольф өкілі жалпы сомасы 11,12 млрд доллар тапса, боксшылардан 7 адам 6,08 млрд долларға ие болған.
Рейтингте ең көп ел ретінде АҚШ спортшылары алда келеді. Тізімге енген 50 спортшының 34-і америкалық атлеттер. Сонымен қатар, Ұлыбритания мен Испаниядан екі спортшы, ал қалған 13 елден бір-бір адамнан бар.
Бұл тізімдегі жалғыз әйел спортшы мансабын аяқтаған теннисші Серена Уильямс болып отыр. Инфляцияны ескергендегі оның табысы 660 миллион долларды құрайды. Sportico басылымы 51-ден 100-ші орынға дейінгі тізімге Мария Шарапова мен Винус Уильямс сынды екі әйел спортшының енгенін жазды.
Қазіргі уақытта ТОП-50 қатарына енген 50 спортшының ішінде тек 18-і ғана кәсіби мансабын жалғастыруда. Соған қарамастан көптеген спортшылар үшін мансаптың аяқталуы табыстың тоқтауына әсер етпеген.