
Қазақстандық қыз екі қытай спортшысынан кейін үшінші орын алған
Оңтүстік Кореяның Куми қаласында жеңіл атлетикадан Азия чемпионаты басталды. Жарыстың алғашқы күнінде Қазақстан құрамасы алғашқы жүлдесін жеңіп алды.
20 шақырымдық спорттық жүріс сайысында Ясмина Тоқсанбаева қола медаль иеленді. Ол мәреге 1 сағат 32 минут 22 секундта жетіп, үшінші орынға тұрақтады.
Бұл сында жеңісті Қытай спортшысы Инь Хан (1:30:44) тойласа, күміс жүлдені оның отандасы Ма Ли (1:32:08) еншіледі.
Ал ерлер арасындағы жарыста қазақстандық Георгий Шейко сегізінші орынға ие болды.