
Ол әлем кубоктерінде бірнеше рет топ жарған
Өткен аптада Ташкентте дзюдодан жастар арасында Азия кубогі өткен болатын. Құрлық біріншілігінде 52 келіде өнер көрсеткен өзбекстандық қазақ Зарина Жамалова чемпион атанды.
Ол алғашқы белдесулерінің бәрін қиындықсыз жеңсе, финалда тәжікстандық тәжірибелі Мадина Курбонзоданы алтын медальсыз қалдырды.
Заринаның бапкері Нурпеис Мамировтың айтуынша, оған Қазақстаннан және өзге де елдерден ұсыныстар түскен. Алайда, дзюдошы қыз тарихи отанына оралуды жоспарлап отырған жоқ.
«Бұл Азия кубогіне 100% тыңғылықты деңгейде дайындала алмадық. Себебі оқу-жаттығу, бұдан өзге де жарыстарымыз көп болды. Яғни, Зарина чемпион атанғанымен, толыққанды өзін көрсеткен жоқ. Оның потенциалы бұдан да жоғары.
Бізге Қазақстаннан бірнеше рет ұсыныс түсіп жатыр. Әзірге баратын ойымыз жоқ. Бұл жақта мүмкіндік көірек. Қазіргі басты мақсатымыз – Лос-Анджелес Олимпиадасына барып, чемпион атану, сол үшін жұмыс істеп жатырмыз», - деді Зарина Жамалованың жеке бапкері Нурпейс Мамиров
Айта кетейік, Зарина Жамалова 2021 Алматыда өткен жасөспірімдер арасындағы Азия кубогында – қола, 2022 жылы күміс жүлдеге ие болған. 2023 жастар арасындағы Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. 2024 жылы – Азия кубогының алтын және қола жүлдегері. Өзбекстан біріншілігінің 3 дүркін чемпионы.
Сондай-ақ, Зарина Жамалова осы жылы ересектер арасында Ташкенттегі Гранд Слэм турниріне қатысып, 7-орын алды.