
Диас Қален 2023 жылы Астанада өткен Азия чемпионатында қырғыз балуанынан жеңілген еді
Грек-рим күресінен 2023 жылы Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанған Диас Қаленге аталған біріншіліктің алтын медалі табысталды. Астанада өтіп жатқан Қазақстан кубогында отандасымыз ресми түрде жүлдесін алды. Спортшыны еліміздің грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов марапаттады.
Диас Қален 2023 жылы Астанада өткен Азия чемпионатында 82 келіге дейінгі салмақта күресіп, финалда Қырғызстан балуаны Ақылбек Талантбековке 2:3 есебімен жеңілген еді. Алайда, 2023 жылдың 10 сәуірінде Ақылбек Талантбековтың допинг сынамасынан тыйым салынған препарат метастерон анықталғанын халықаралық тест жасау агенттігі (International Testing Agency) бұл нәтижені растады. Соның нәтижесінде Ақылбек Талантбеков 4 жылға спорттан шеттетіліп, алтын медаль Диас Қаленге берілетіні айтылған болатын.
Сондай-ақ, қола жүлдегер атанған Иран балуаны Алиреза Мохмадиге күміс медаль берілсе, оның бұрын иеленген қола жүлдесі үнді балуаны Рохит Дахияға бұйырды.
Азия чемпионы атанған балуан Жетісу облысының өкілі. Ол Қорғаныс министрлігіне қарасты Армия орталық спорт клубының атынан өнер көрсетеді.