Оқырманның махаббаты. Моншадағы кездесу. Қызқұмар футболистер – ЖБ оқиға

Зерендіде мас күйінде балалар мен әйелдерге тиіскен бапкер қамауға алынды (ВИДЕО)

29.07.2025, 16:23

Сондай-ақ бапкер полицияны менсінбей, заңға бағынудан бас тартқан

Зерендіде мас күйінде балалар мен әйелдерге тиіскен бапкер қамауға алынды (ВИДЕО)
Видеодан кадр

Ақмола облысының Зеренді ауданындағы демалыс базаларының бірінде өзін қоян-қолтық ұрыстан жаттықтырушымын деп таныстырған ер адам қоғамдық тәртіпті бұзып, жұртшылықтың ашуына тиді. Куәгерлердің айтуынша, ол мас күйінде өзгелердің бөлмелеріне кірмек болып, әйелдер мен балаларды қорқытып, түн ішінде айқайлап, балағат сөздер айтқан. Оқиғаға полиция араласуға мәжбүр болды.

Әлеуметтік желіде таралған бейнежазбада полиция қызметкерлері келгеннен кейін де ер адамның тәртіпке бағынбай, керісінше, полицияны менсінбей, заңға бағынудан бас тартқаны анық көрінеді.

Ақмола облыстық полиция департаменті оқиға 17 шілдеде Зеренді ауданындағы демалыс аймағында тіркелгенін растады. Құқық бұзушыға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің үш бабы бойынша хаттама толтырылып, Зеренді аудандық сотының шешімімен әкімшілік қамауға алынды.

Жанжалға қатысы бар азаматтың кім екені анықталып, оның Қазақстанның қоян-қолтық ұрыс федерациясына ресми қатысы жоқ екені хабарланды. 

«Аталған азамат федерацияның ресми қызметкері емес. Ол тек «Дарын» спорт кешенінде жаттығу залын жалға алып, жұмыс істейді. Оқиға болған күні кешен қызметкерлері демалыс базасында уақытша болғанымен, кешке қарай үйлеріне оралған. Коттеджді жалға алу ақысын өз қаражаттарымен қолма-қол төлеген. Ал Зейноллаев базада жалғыз қалып, түнгі сағат 12-де әкімшілік құқық бұзушылық жасаған», – делінген федерацияның ресми мәлімдемесінде.

Сонымен қатар, полиция қызметкерін көпшілік алдында балағаттағаны үшін құқық бұзушыға қатысты Қылмыстық кодекс бойынша іс қозғалды.

«Сотқа дейінгі тергеу аясында оқиғаның барлық мән-жайы анықталады. Сонымен бірге, аталған азаматты жаттықтырушылық лицензиясынан айыру туралы ұсыныс уәкілетті органға жолданды», – деп хабарлады облыстық полиция департаменті.

 

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам